“Батыс Қазақстанның жоғары оқу орындарында кәсіптік даярлық жағдайындағы білім алушылардың әлеуметтік жауапкершілігі” ғылыми жобасы

2021 жылы 2021-2023 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша жас ғалымдарды гранттық қаржыландыруға арналған конкурста “Марат Оспанов атындағы БҚМУ” КЕАҚ, “Психология” кафедрасында іске асырылатын “Батыс Қазақстанның жоғары оқу орындарында кәсіптік даярлық жағдайындағы білім алушылардың әлеуметтік жауапкершілігі”, ЖРН AP09058126 тақырыбында зерттеу жүргізуге грант алынды. Қаржыландыру көзі Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті болып табылады.

Ғылыми жетекшісі: PhD Книсарина Малика Мақсатқызы. Зерттеу тобы: PhD Байқулова Әйгерім Мейрханқызы, PhD, қауымдастырылған профессор Сыздықбаева Айгүл Жұманазарқызы, педагогика ғылымдарының магистрі Жұмалиева Гүлмира Саинқызы, жаратылыстану ғылымдарының магистрі Көшекбаева Айя Берікқызы.

Зерттеу жұмысының тұжырымдамалық аппараты, төрт компоненттен тұратын әлеуметтік жауапкершіліктің құрылымдық-мазмұндық моделі (когнитивті, мотивациялық-құндылық, белсенділік, рефлексивті-болжамдық) әзірленді; университетте оқу жағдайында әлеуметтік жауапкершілікті қалыптастырудың психологиялық-педагогикалық шарттары сипатталған.

Нәтижелердің дұрыстығы журнал редакцияларында ревьюирлеу рәсімінен өтетін ғылыми жарияланымдармен, сондай-ақ халықаралық конференцияларда сөйлеген сөздерімен расталады. Зерттеудің алынған нәтижелері мынадай ғылыми өнім түрінде ұсынылған: 1 Scopus базасымен индекстелетін журналда жарияланым (процентиль 35-тен жоғары): ҚР БСҒЗЖ ұсынған журналдарда 4 жарияланым; Scopus, Web of Science, РИНЦ базаларында индекстелетін халықаралық конференциялар жинақтарында 13 жарияланым/тезис; 1 РИНЦ журналында жарияланым.

2021 жылы зерттеу тобының бастамасы бойынша, қойылған міндеттерді іске асыру үшін, Батыс Қазақстанның университеттері арасында Марат Оспанов атындағы БҚМУ-мен ынтымақтастық туралы 3 (үш) меморандум жасалды: Ақтау қ. “Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті” КЕАҚ, Орал қ. “М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті” КЕАҚ, “Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті” КЕАҚ. Мәселен, 2022-2023 жылдары зерттеушілер халықаралық меморандумдар шеңберінде Батыс Қазақстан – Ақтау, Атырау, Орал қалаларында білім алушылардың әлеуметтік жауапкершілігін диагностикалау және оқыту семинарлары мен шеберлік сыныптарын өткізу мақсатында ғылыми іссапарларды жүзеге асырды.

Жүргізілген зерттеудің сенімділігі мен ашықтығын көрсететін, 2021-2022 жылдар кезеңінде алынған, ғылыми нәтижелерге авторлық құқықтарды тіркеу туралы 7 куәлік ресімделді.

2022-2023 жылдары зерттеушілер Марат Оспанов атындағы БҚМУ, К.Жұбанов атындағы АРУ, М. Өтемісов атындағы БҚУ, Х.Досмұхамедов атындағы АМУ базаларында алғыс хаттар, ЖОО үлгісіндегі қатысушы сертификаттарын бере отырып, білім алушылар мен оқытушыларға арналған бірқатар оқыту семинарларын, тренингтер мен шеберлік сыныптарын өткізді.