Кадр тапшылығын шешудің бірлескен жолы

Бастапқы буын дәрігерлерінің де, бейінді мамандардың да кадр тапшылығын шешу денсаулық сақтау саласының өзекті мәселесі болып тұр.

Соңғы жылдары Батыс Қазақстан мен Қызылорда облысы өңірлері бойынша жүргізілген кадр мәселесін талдау жұмысы жекелеген бейінді мамандықтардың аса қажеттілігін көрсетті.

Университет әкімшілігі Басқарма төрағасы Ә. А. Қалиевтің, жоғары оқу орнынан кейінгі білім деканы Р. Е. Нұрғалиеваның, кәсіби өсу орталығының жетекшісі А. С. Алмағамбетованың қатысуымен өңірлердің денсаулық сақтау өкілдерімен онлайн-форматта 2 күндік кездесу-кеңес ұйымдастырды.

Бірінші күні кеңес Маңғыстау және Қызылорда облыстарының денсаулық сақтау басқармалары мен медициналық ұйымдарының басшылары үшін, екінші күні Атырау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстары үшін өткізілді.

Кеңес барысында өңірлерге университеттің жаңа мүмкіндіктері: “Фармацевтикалық өндіріс технологиясы” қосымша мамандығының ашылуы және Литва Ғылым және денсаулық университетімен ынтымақтастық туралы Меморандумға сәйкес жаңа 2023-2024 оқу жылынан бастап екі дипломды білім алу мүмкіндігі қолға алынғандығы хабарланды.

Кездесудің маңызды бөлімі бейінді мамандық алу және біліктілікті арттыру мүмкіндіктеріне арналды.

Университет бірқатар бейінді мамандықтар бойынша жаңа білім беру бағдарламаларын дайындады, осылайша ҚР ДСМ бұйрығымен бекітілген 49 мамандық бойынша 46 мамандық алуға мүмкіндік туды.

Бейінді мамандарды даярлаудағы практикалық бағыттылықтың рөлін ескере отырып, инновациялық технологиялары бар Симуляциялық орталық пен университеттік клиникалық базалардың рөлін атап өтті.

Екі кездесу де іскерлік, мүдделі режимде өңірлердің өзекті тақырыптары бойынша көптеген сұрақтармен және қажетті жауаптарға толы өтті.

Іскерлік ынтымақтастық одан әрі жалғасады.