Студент қатарына қабылдау – 2023!

Аққағаз Досжанова атындағы Конференц холында бірінші курс студенттері үшін айтулы оқиға – «Студент қатарына қабылдау» салтанатты шарасы өтті.
Салтанат рәсімі екі кезеңде өтті: алдымен ең үлкен «жалпы медицина» факультеті үшін, содан кейін педиатрия, фармация, денсаулық сақтау, стоматология және мейірбике ісі факультеттері үшін. Студент қатарына қабылданғандардың жалпы саны – 1898 адам.

Сабақ басталғалы бірінші курс студенттері қызықты да қиын өмірдің жаңа ырғағына бейімделіп, сабақ кестесіне төселіп, олар үшін әдеттен тыс жаңа әлемге еніп жатты. Оларды көңілді және тату студенттік отбасында қарсы алатын кез келді.
Залда салтанатты жағдайда ұстаздар қауымының жылы лебізі мен 1 курс студенттері арасында қызықты, ізденімпаз көңіл-күй болды.
Алдымен дәстүрлі түрде Алина Ғизатуллина атындағы студенттік хор ұжымы «Gaudeamus igitur» студенттік өлмес әнұранын орындады.

Бірінші курс студенттеріне арнаған сөзінде «Марат Оспанов атындағы БҚМУ» КЕАҚ Басқарма төрағасы-Ректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор А.А. Қалиев мамандықты түсіну жолы оңай емес, қызықты да қиын болатынын атап өтті. Сонымен бірге ол әрбір таңдалған факультеттің маңыздылығына тоқталып: «Бұл жолдағы алғашқы маңызды қадам жасалды – сіздер біздің Батыс Қазақстандағы жетекші медициналық университетінің студенті атандыңыз! Сіздер бұл күнді және мектеп бітіру сәттеріңізді мәңгі есте сақтайсыздар.
Сіздердің алдарыңызда медицина ғылымын білуге жарқын жол ашылады, сіздер қажетті білімді алып қана қоймай, сонымен қатар тұлға ретінде қалыптасасыздар. Сондықтан студенттік жылдарды тиімді пайдаланып, оқу материалын тиянақты меңгеріп, ғылыми және қоғамдық өмірге белсене араласуларыңыз қажет.

Заманауи медицина қарқынды дамып келеді, сондықтан уақытты босқа өткізбей көп нәрсе үйреніп, тәжірибе жинауларыңыз қажет! Өз мамандығыңды, емделушілеріңді сүй, мейірімділік пен жанашырлықсыз кәсіби маман болу мүмкін емес.

Медицинаның атасы, ежелгі грек дәрігері Гиппократ медицина өнеріне деген сүйіспеншілік – адамзатқа деген сүйіспеншілік деп айтқан”, – деді ректор.

Соңында университет ректоры 1 курс студенттеріне зор денсаулық, табандылық және өздеріне деген сенімділік, өмір бойы қызықты болатын өз жолын тауып, әрқашан алға ұмтылып, студенттік жылдары есте қаларлық оқиғаларға толы болуын тіледі.
Ұйымдастырушылар бірінші курс студенттері үшін қызықты, әсерлі мерекелік сценарий дайындады, олардан студенттер ежелгі грек мифологиясынан, тарихынан және әр кәсіптің меценаттарынан ерекше түрде көптеген жаңа нәрселерді білді.
Мереке барысында жоғары курс студенттері дайындаған музыкалық, би нөмірлері орындалды.

Бірінші курс студенттері үшін Ант қабылдаудың басты және қызықты сәті: халық денсаулығы үшін адал қызмет етуге, ұстаздарының лайықты шәкірті болуға, университеттің дәстүрін сақтауға және емшілік символы – ақ халатты абыроймен, таза ұстауға ант беру.
Салтанатты шараның атмосферасы шынайылық пен жылулыққа, алаңсыз балалық шақпен қоштасу қуанышы мен мұңына толы болды.
Алда миллиондаған әдемі сәттермен қызығы мен шыжығы мол студенттік жол күтіп тұр.
Бірінші курс студенттерін осы тамаша оқиғамен құттықтаймыз! Жақсы білім жолында жарқырай түсіңіздер!