Жас волонтерлар қабылданды

Аққағаз Досжанова атындағы конференц-холлда «Медик-волонтер» волонтерлық ұйымының қатарына жаңадан қосылған студенттерді қабылдау рәсімі өтті. Мақсат — жастарға ұйым туралы кеңінен мағлұмат беріп, атқарылған жұмыстардан хабардар ету. Шара барысында ұйымның атқарылған жұмыстарына шолу жасалды.

Сөз алған университеттің оқу-тәрбие ісі жөніндегі проректоры Нұргүл Әбенова волонтерлардың еңбегі ерекше екеніне тоқталып, ұйым жұмысына сәттілік тіледі. Әлеуметтік-психологиялық қолдау қызметінің жетекшісі Гүлнұр Бисекова:

 — Осыдан он екі жыл бұрын құрылған «Мейірім» волонтерлық ұйымының атауы 2017 жылы «Медик-волонтер» болып өзгертілді. Волонтерларымыз әрдайым игі істердің басы-қасында жүреді. Қоғамдық жұмыстарда да белсенді. Еңбектері де еленіп, үздік атанды. Ұйым құрамында қазір 200-ден аса волонтер бар, — деді.

Сондай-ақ, тапқырлық және интуициялық ойындар ойнатылып, көрермендер концерттік бағдарламаны тамашалады.

Көтеріңкі көңіл күй сыйлаған шара соңында ұйым жетекшісі Айнұр Сағынтай волонтерларды ұйымшылдықпен еңбек етуге шақырды.