ЖИТС-тың алдын алу туралы айтылды

21 қарашада кәсіби аурулармен гигиеналық пәндер кафедрасында университет арасындағы ынтымақтастық аясында Астана медицина университеті және Ақтөбе ЖИТС орталығымен бірлесіп ZOOM платформасында Дүниежүзілік ЖИТС-пен күресу күніне арналған «Жастар арасында ЖИТС-тің алдын алу» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараның мақсаты — студенттердің қазіргі кездегі АИТВ/ЖИТС мәселесі туралы білімдерін арттыру, АИТВ жұқтырған адамдарға толерантты көзқарасты қалыптастыру.

АИТВ-инфекциясы болып табылатын маңызды және өзекті мәселеге арналған бұл шараны ұйымдастыруға университеттің фармация факультетінің 3- курс студенттері (жауапты аға оқытушы К.Шаяхметова), Астана қаласы медицина университетінің жалпы медицина факультетінің 4-курс студенттері (жауапты оқытушы, Е.Даленов атындағы медициналық-профилактикалық ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері Ж.Нұрберген), студенттер, оқытушылар, сонымен қатар Ақтөбе ЖИТС орталығы бас дәрігерінің ұйымдастыру-әдістемелік және эпидемиологиялық мәселелер жөніндегі орынбасары А.Каспирова қатысты.

Екі университеттің студенттері бейнематериалдар, презентациялар дайындады, онда АИТВ-инфекциясы туралы жалпы мәліметтер, тарихи деректер және осы аурудың мәселелері, сондай-ақ вирустың негізгі таралу жолдары, аурушаңдық статистикасы және жүргізіліп жатқан алдын алу шаралары көрсетілді.

Одан кейін Ақтөбе ЖИТС орталығының ұйымдастыру-әдістемелік және эпидемиологиялық мәселелер жөніндегі бас дәрігерінің орынбасары А.Каспирова Ақтөбе облысы бойынша 2023 жылдағы 10 ай ішіндегі АИТВ/ЖИТС бойынша эпидемиологиялық жағдай, облыс орталығымен жүргізіліп жатқан АИТВ-инфекциясының алдын алу, негізгі мақсаттар туралы ақпараттармен бөлісіп, олардың 2023 жылға арналған өңірдегі жетістіктері туралы хабардар етті. Дөңгелек үстел барысында студенттер өздерінің тұратын өңірлеріндегі ғана емес сонымен қатар әлемдегі аурушаңдықтың нақты жағдайын, халықтың иммундық жүйесінің қалай жұмыс істейтіні және АИТВ инфекциясының алдын алу шаралары туралы білді.

Шара соңында оқытушылар қорытынды жасап, студенттерге осы іс-шараға қатысқандары үшін алғыстарын білдіріп, АИТВ-инфекциясының алдын алу ғана емес, салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында алдағы уақытта бірлескен ынтымақтастықта жұмыстар жасауға сенім білдірді.