Университет түлектері жұмыс берушілермен кездесті

Аққағаз Досжанова атындағы конференц-холлда 2024 жылғы бакалавриат, интернатура, резидентура, магистратура және докторантураның болашақ түлектерінің Батыс Қазақстан облысының жұмыс берушілері, практикалық денсаулық сақтау саласының өкілдерімен кездесуі өтті. Кездесуді кәсіби өсу орталығы деканаттармен бірлесе отырып, түлектерді бөлу және сапалы жұмысқа орналастыру шаралары аясында ұйымдастырды.

Шараны клиникалық жұмыс жөніндегі проректор Н.Мусин ашты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитеті департаменті басшысының медициналық-әлеуметтік сараптама жөніндегі орынбасары Н.Валиулова және Батыс Қазақстан облысының медициналық ұйымдарының бас дәрігерлері сөз сөйледі. Грант бойынша білім алған түлектер мемлекеттік және жеке медициналық мекемелердің жұмыс берушілерінен келіп түскен өтінімдер бойынша жұмысқа бөлінеді.

Ағымдағы оқу жылында 860 түлек оқуын аяқтайды. Оның ішінде 489-ы мемлекеттік тапсырыс бойынша. Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 30 наурыздағы №390 қаулысына, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2023 жылғы 11 тамыздағы №403 бұйрығына сәйкес мемлекеттік грант бойынша білім алатын медициналық мамандықтарды бітірушілер медициналық ұйымдарда кемінде 3 жыл жұмыс істеуге міндетті. Кездесу барысында болашақ түлектер міндетті жұмыс өтеу, міндетті жұмыс өтеуден босату ережелері және өңірлердегі түрлі мамандықтар бойынша бос жұмыс орындары туралы ақпаратпен танысты.

Жұмыс берушілер Батыс Қазақстан облысының қалалық және ауылдық медициналық ұйымдарына жұмысқа орналасу шарттары туралы айтты. Презентациялардан кейін кездесу еркін форматта жалғасып, әрбір түлек жұмыс берушілермен болашақта жұмысқа орналасу шарттарын жеке талқылауға мүмкіндік алды.

Түлектердің жұмыс берушілермен алғашқы кездесуі жоғары деңгейде өтті. Кәсіби өсу орталығы алда Батыс Қазақстанның басқа да өңірлерімен кездесулер ұйымдастыруды жоспарлап отыр.