Аружан — «Университет аруы-2024» атанды

Аққағаз Досжанова атындағы конференц холлда «Университет аруы-2024» байқауы өтті. Дәстүрлі байқауға жалпы медицина факультетінің 1-курс студенттері Аружан Шарапи, Баян Рамазан, аталған факультеттің 2-курс студенттері Көркемай Қалыбаева, Бибігүл Зұлпықар, стоматология факультетінің 1-курс студенттері Диана Анарбекова, Аружан Жұмағұл, Анеля Ауданбай, Фатима Ақбаева және осы факультеттің 3-курс студенті Дельназ Сәрсенбайқызы қатысып, бақтарын сынады. Шара барысында университет ректоры Әсет Қалиев нәзік жандыларды мерекелерімен құттықтап, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Байқау кезеңдері бойынша сынға түскен арулар «Арулардың сиқырлы биі» коктейльді көйлектерімен өнер көрсетіп, «Білгенге маржан» интеллектуалды сұрақтарға жауап берсе, «Өнерлі өрге жүзеді» өз өнерлерін паш етіп, «Қыздарға әсемдік жарасады…» кешкі сән көйлектерімен дефиле көрсетті.

Сахна төрінде өнерлері бірінен соң бірі асып түскен айдай сұлу аруларға көрермендер қол соғып, қошемет көрсетті. Қатысушылардың тыңғылықты дайындалғандары байқалды. Сондай-ақ, университеттің өнерлі өрендері мен шет ел студенттері де ән айтып, би билеп, мерекелік шараның көркін келтіріп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Шараны тамашалаушылардың көп болғаны соншалық, залда ине шаншар орын болмады.

Көтеріңкі көңіл күй сыйлаған байқау қорытындысында Аружан Шарапи «Университет аруы-2024» атағына ие болды. Ал Диана Анарбекова «Көрермен көзайымы», Бибігүл Зұлпықар «Талантты ару», Дельназ Сәрсенбайқызы «Қылықты ару», Баян Рамазан «Сымбатты ару», Аружан Жұмағұл «Креативті ару», Анеля Ауданбай «Инстаграм аруы-2024», Фатима Ақбаева 1-вице мисс, Көркемай Қалыбаева 2-вице мисс, Анеля Ауданбай 3-вице мисс атанды. Жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен марапатталып және демеушілер тарапынан заттай сертификаттарға ие болды.

Жастар ісі жөніндегі бөлімінің жетекшісі Мирамгүл Жұмағалиева достық байланыстарын үзбей, демеушілік көрсетіп келе жатқан азаматтар мен азаматшаларды университет ректорының атынан Алғыс хаттармен марапаттады. «Университет аруы-2023» байқауының жеңімпазы Аружан Сейлова жеңімпаз атанған аруға өз тәжін салтанатты түрде табыстады.

Он бес жылдан бері үзбей ұйымдастырылып келе жатқан байқау биыл да жоғары деңгейде өтті.