Ақынмен жүздесті

Ақын Айбек Қалмағанбетовтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Ешкім бөліп әкете алмас еншісін» атты «Жас қалам» жас ақындар мен көркемсөз шеберлері клубының мүшелерімен кездесу өтті. Мақсат — поэзия өнеріне үлес қосып келе жатқан ақынның өмірі және шығармашылығымен танысып, өлеңдерін жас ақындарға насихаттау. Кездесу кешіне жас қаламдықтармен бірге ақынның отбасы және достары қатысты.

Шара барысында Айбек Кенесарыұлы өмір жолы мен шығармашылығынан шыр шертетін естен кетпес қызықты естеліктерімен бөлісті. Жас қаламдықтар ақын өлеңдерін мәнерлеп оқып, шығармашылығы туралы сауалдарын қойды. Өлеңдерін оқыған студенттерге ақын ағамыз ризашылығын білдірді, жас ақындардың қатарында өзге ұлт өкілі де болды. Өз кезегінде оқу орнымыздың көркемөнерпаздары да ән айтып, күй тартып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Жастардың өнерлеріне тәнті болған қонақтар қол соғып, қошемет көрсетті.

Ақынның қоғамдық-саяси, табиғат, ғашықтық, сүйіспеншілік, көңіл күйге байланысты қалам тербеген лирикалық өлеңдері жинақ кітап ретінде жарық көрген. Ол — «Бақыт мекені», «Әкеме ескерткіш», «Кең Жылыой» сынды кітаптардың авторы.

Кеш соңында жастар ісі жөніндегі қызметінің жетекшісі Мейрамгүл Жұмағалиева кездесуге арнайы келген ақынға университет ректоры Әсет Қалиевтің атынан Алғыс хат табыстап, сый-сияпаттар ұсынды.

—Тағылымды тарихы тереңде жатқан оқу орнында болашағынан зор үміт күттіретін адам жанының арашашысы — дәрігерлердің білім алып жатқаны мені ерекше қуантады. Осы орайда оқу мен поэзия өнерін қатар алып жүрген жалынды жастарға шексіз алғысымды білдіремін. Қаламдарыңыз ұштала берсін! Шығармашылық табыстар тілеймін! — деді Айбек Кенесарыұлы.

Ақынмен өткен жылы жүздесуден жыр сүйер қауым поэзиямен сусындап, ерекше әсермен тарқасты.