Ғылым аптасы қорытындыланды

12 сәуір — Ғылым саласы қызметкерлерінің күніне арналған «Ospanov science week» ғылым аптасының салтанатты жабылу рәсімі өтті. Шара Алина Гизатуллина атындағы студенттік хор ұжымының орындауында «Gaudeamus» әнімен ашылды.

Университет ректоры Әсет Қалиев профессор-оқытушылар құрамын, ардагерлерді және жас ғалымдарды Ғылым күнімен құттықтап, оқу орнының ғылыми әлеуеті жылдан жылға артып келе жатқанын айтты.

Жиналған қауым жетпіс жылға жуық тағылымды тарихы бар оқу орнында ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек етіп, оның қарқынды дамуына сүбелі үлестерін қосқан ұлағатты ұстаздардың өнегелі еңбек жолдарынан сыр шертетін «…ғалымның хаты өлмейді» атты тарихи-танымдық бейнероликті тамашалады.

Мерейлі мерекелік сәтте ғылыми жұмыс барысында белсенділік танытқан профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылар, ғылыми жарияланым бойынша жоғары белсенділік көрсеткені, ғылыми жобаларды белсенді орындағаны, университет ғылымының дамуына қосқан үлестері, студенттік ғылымның дамуына қосқан үлестері үшін бір топ ұстаздар мен студенттер сондай-ақ ғылым аптасы аясында өткен факультет және пәнаралық олимпиадалардың жеңімпаздары, «Ғылым: Кеше. Бүгін. Ертең» атты жас ғалымдардың 63-Халықаралық ғылыми конференциясының бас жүлдегерлері университет ректоры Әсет Қалиевтің атынан Алғыс хаттар және Дипломдармен марапатталды.

Сахна төрінде халықтық ұжым «ЖасSTAR» би ансамблі, «DentBend» вокалды-инструменталды ансамблі, «Назар» дуэті және өнерлі студенттер ән айтып, би билеп, мерекелік шараның көркін қыздыра түсті.