Мейіргер ісіндегі көпсалалы тәсіл
Аққағаз Досжанова атындағы конференц холлда «Мейіргер ісіндегі көпсалалы тәсіл» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Шараның мақсаты — медициналық көмектің сапасын арттырып, науқастарға күтім жасау үрдістерін оңтайландыру, мейіргер қауымдастығын дамыту және денсаулық сақтаудың түрлі салаларының мамандары арасында озық тәжірибелермен алмасу арқылы мейіргер ісіндегі көпсалалы тәсілдерді талқылау.
Дәстүрлі шара барысында университет ректоры Әсет Қалиев, «Primary Health Care» Ұлттық Қауымдастығының Президенті Төлебай Рахыпбеков оқу орнының базасында ұйымдастырылып жатқан дәстүрлі конференцияның маңыздылығын ерекше атап өтіп, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Пленарлық отырыста Ресейдің медбикелер қауымдастығының президенті Валентина Саркисова, ҚР ДСМ Ғылым және адам ресурстары департаменті мейіргер ісін дамыту басқармасының бас сарапшысы Айнагүл Наурызбаева, «Primary Health Care» Ұлттық Қауымдастығының басқарма төрағасы Роза Абзалова және еліміздің түкпір-түкпірінен келген қонақтар мейіргер саласына қатысты мазмұнды баяндамалар жасап, іс-тәжірибелерімен бөлісті.
Жиналған қауым PhD, RN JAMK қолданбалы ғылымдар университеті Финляндия, Ювяскиля, мейіргер ісі, мейіргер ісі білім саласындағы халықаралық сарапшысы Йоханна Хейккиляның бейнеқұттықтауын тамашалады.
Екі күнге жоспарланған конференция аясында тақырыптық секциялар, шеберлік сабақтары, медициналық жоғары оқу орындары, колледждер мен ғылыми ұйымдарда әлемдік, сондай-ақ отандық ғалымдардың жетекшілгімен өткізілетін мейіргер ісіндегі ғылыми зерттеулердің тәжірибелері көрсетіліп, нәтижелері жарияланады.