Ғылым саласындағы алғашқы жеңісі

Бүкілресейлік «Соғыс жауынгері туралы сұхбат» атты байқауында стоматология факультеті 101-тобының студенті Арайлым Айдосова III орынға ие болып, университет мерейін үстем етті. Байқау ағымдағы жылдың 10 қаңтар-22 сәуір аралығында Орынбор мемлекеттік педагогикалық университетінде өтті.

Ұлы Жеңіс күні қарсаңында байқау қорытындыланып, жеңімпаздар марапатталды. Дәстүрлі байқау мақсаты — соғыстың түрлі мәселелеріне арналған ауызша тарих материалдары мен «тарихтың жанды үндерін» (аудио, бейне жазбалар) жинақтау.

Оған Мәскеу, Воронеж, Кострома, Самара, Старый Оскол, Бузулук, Орынбор университеттерінің 1-5-курстарынан 99 студент қатысып, бақ сынасты. Байқауға Арайлым Айдосова марқұм әжесі, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тыл ардагері Амансұлтан Оразалинамен көзі тірісінде жүргізген сұхбатынан тарихи-танымдық арнайы материалдар дайындады. Сондай-ақ, бұл ғылыми жұмыста марқұм атасы, соғыс ардагері Қияс Сәрсенбаевтың құжаттарының көшірмелері, ордендері мен медальдары ұсынылды. Байқау құжаттары соғыс қаһарманының ерлігі, соғыстан кейінгі өмірі мен еңбек жолы туралы бейнефильммен толықтырылды.

Арайлым үшін бұл байқауға қатысудың маңызы зор болды. Өйткені ол мектеп қабырғасынан бастап 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы қазақ халқының өшпес ерліктерін еске алуды өзінің парызы деп санап, ата-бабаларының жеке заттарын ұқыпты ұстап, көзінің қарашығындай сақтап келеді.

Арайлым Айдосованы және оның ғылыми жетекшісі, қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасының аға оқытушысы, гуманитарлық ғылымдарының магистры Алима Мұхамбетғалиеваны жетістіктерімен құттықтап, шығармашылық табыстар тілейміз!