Жазушы трилогиясына арналды

Қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасының ұйымдастыруымен Ақтөбе қаласының 155 жылдығына арналған шаһардың және өңірдің тарихи-мәдени киелі жерлерін таныстыру мақсатында «Тарих тағылымы» жобасы аясында және белгілі жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтың 100 жылдығына орай «Қан мен тер» романының кейіпкерлеріне арналған тарихи-танымдық шара өтті. Аталған шара қаламыздағы «Қан мен тер» трилогиясына арналған ескерткіш жанында өтті. 

Оған стратегиялық даму, ғылым және халықаралық серіктестік жөніндегі проректоры Гүлмира Жорабекова, ғылыми-зерттеу зертханасының жетекшісі Светлана Саханова, ғылыми-зерттеу қызметінің менеджмент бөлімінің кіші ғылыми қызметкері Гүлназ Шілдебаева қатысты.

Қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасының доценты Бекзат Молдин әйгілі жазушының өнегелі өмір жолы, трилогиясы және ондағы кейіпкерлер туралы кеңінен мазмұнды әңгіме өрбітіп, аталған кафедраның оқытушысы Бауыржан Исаұлы шығармашылығына тоқталды.

Жалпы шараға қатысушылар Әбдіжәміл Нұрпейісовтың шығармашылығына кеңінен талдау жасап, өзара пікір алмасып, ой бөлісті.