Стартап жобалар конкурсының қорытындысы

Университет базасында алғаш рет ұйымдастырылған «І студенттік стартап: инновация, ғылым, бизнес» атты конкурс нәтижесінде қазылар алқасының шешімімен патологиялық физиология кафедрасының жетекшісі А.Жексенованың жетекшілігімен жалпы медицина мамандығының 3-курс студенттері Аманжан Айбек пен Сәкен Абдулланың «MigreNON» стартап-жобасы І орынға ие болды.

Ал гистология кафедрасының жетекшісі Ж.Көмекбай мен аталған кафедраның оқытушысы Қ.Байтенов жетекшілік жасаған медицина мамандығының 1-студенті Альфия Бақыткерейдің «Digital Histolab.kz» жобасы ІІ орын, С.Рахманов жетекшілігімен «Aqyldy anatom» стартап-жобасын ұсынған Альбина Мереке ІІІ орынды иеленді.

Жүлделі орындардан бөлек конкурсқа қатысқан барлық жобалар арнайы номинациялармен марапатталды. Атап айтсақ, «Үздік экожоба» номинациясы «Ecobeauty» және «GenoGuide» стартап-жобасы, «Үздік команда» номинациясы «Family clinical» мен «Smart bed» стартап-жобасы, «Үздік бизнес жоба» номинациясы «DocLink» және «AI-Analyzer» стартап-жобалары, «Үздік әлеуметтік кәсіпкерлік жоба» номинациясы «Сахарная мафия» және «Adam» стартап-жобаларына берілді.

Сонымен қатар студенттер арасында стартапты дамытуға қолдау көрсету мақсатында университет басшылығы тарапынан жүлделі орындар мен номинацияларға ие болған барлық қатысушы командаларға қаржылай сертификаттар табысталды.