Музей төріндегі медициналық алғашқы көрме

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде 18 мамыр — Халықаралық музейлер күніне орай «Музей түні-2024» мерекелік шарасы өтті.

Аталған дәстүрлі шарада гистология, қалыпты және топографиялық анатомия, оперативті хирургия, патологиялық анатомия және сот-медициналық сараптама кафедралары және тәжірибелік дағдылар орталығының медициналық материалдарынан жасақталған «Ақтөбе аймағындағы медицина құндылықтары» атты көрмесі қала тұрғындарының назарына ұсынылды.

Мерекелік шараның ашылу салтанатында музей директоры Мейрам Дүйсенғали музей тарихында бұл ұйымдастырылып отырған, бұрын-соңды болмаған алғашқы медициналық көрме екенін айтып, университет ректоры Әсет Қалиевке, оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Нұргүл Әбеноваға және көрмеге материалдары қойылған гистология, қалыпты және топографиялық анатомия, оперативті хирургия, патологиялық анатомия және сот-медициналық сараптама кафедралары мен тәжірибелік дағдылар орталығын және атсалысқан студенттер тобын Алғыс хаттармен марапаттап, сый-сияпаттар табыстады.

Сөз алған оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Нұргүл Әбенова музей ұжымын кәсіби төл мерекелерімен құттықтап, шығармашылық табыстар тіледі.

— Биылғы дәстүрлі шараларыңыз Ақтөбе қаласының 155 жылдығы және тарихы тағылымды музейлеріңіздің 95 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Әрине, мұндай имидждік шараның екіжақты ынтымақтастық байланыстың орнатылуына маңызы зор деп білеміз. Алдағы уақытта да байланысымыз одан әрі нығайып, жалғасын табатындығына сенім мол, — деді.

Көптің қызығушылығын тудырған көрме жоғары деңгейде өтті.