Ұлтаралық келісім — ел тұрақтылығының кепілі

Қ.Жұбанов атындағы АӨУ қабырғасында «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХХІІІ сессиясына арналған «Ұлтаралық келісім — мемлекет тұрақтылығының кепілі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шара мақсаты — жастарды идеологиялық тұрғыда тәрбиелеп, этносаралық қатынастың жаңа алаңдарын құру, әлеуметтік маңызы бар жобаларды насихаттау, этномедиация.

Дөңгелек үстелге этномәдени бірлестіктер, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері, БАҚ және университеттің профессор-оқытушылар құрамы қатысты. Оған АӨУ-ң ҚХА және әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты Ұ.Сәрсембин модераторлық етті.

Шара барысында философия ғылымдарының кандидаты Д.Мацюк, саяси ғылымдарының кандидаты А.Кеңесов баяндама жасады. Сондай-ақ, шарада сөз сөйлеген қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасының аға оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі Самат Күмыспаев этностар, конфессиялар, өркениеттердің және мәдениеттердің алуан түрлілігі одан әрі өсу мен тұрақтылықтың бірегей қайнар көзі және елдің тұрақты дамуының кепілі екендігіне тоқталды.

Дөңгелек үстел қорытындысында спикерлер ҚХА-ның елеулі трансформациясын атап, Ассамблеяның су тасқыны кезінде уақытында көмек көрсетуді ұйымдастырудағы рөлі мен мол тәжірибесін жоғары бағалады.