Жарты ғасырдан кейінгі жүздесу

Университетте осыдан жарты ғасыр бұрын осы оқу орнын тәмамдаған түлектердің кездесуі өтті. Естен кетпес естеліктер мен жылы эмоцияларға толы жүздесуде курстастар ерекше қуанышты сезімге бөленіп, сағыныштарын басты.

Жиналған қауымды құттықтаған ректор міндетін атқарушы Надияр Мусин араларынан ұлағатты ұстаздарымен қауышқанына ризашылығын білдіріп, алғыс айтты. Өз жетістіктерімен Қазақстанда ғана емес шетелде де аты әйгілі Alma mater түлектері өз естеліктері және кәсіби жетістіктерімен бөлісті. Әсіресе,1974 жылғы түлек, медицина ғылымдарының кандидаты, профессор Нағашыбай Ақатаевтың бірге оқыған курстастарының өмірі мен жетістіктері туралы әзірлеген презентациясы ерекше әсер қалдырды.

Шараны қорытындылаған ұйымдастыру комитетінің төрағасы, доцент Бақыт Сұлтангереев көптеген дәрігерлердің кәсіби қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі үшін университетке алғысын айтты.

Кездесуде түлектер студенттік қызықты шақтарын және сол кездегі достықтарын еске алды, өлең оқып, ән шырқады.

Түлектердің 50 жылдық кездесуі олардың медицина ғылымы мен тәжірибесіне қосқан үлесі, ортақ жетістіктері мен мақтаныштарының жарқын көрінісі болды.