Мемлекет басшысы «ғылым және технологиялық саясат туралы» заңға қол қойды

Бұл заң ғылымды дамытуға және елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Құжаттың басты жаңалықтары:

— TRL бағалау жүйесі: Ғылыми зерттеулерді идеядан сериялық өндіріске дейін жеткізуге мүмкіндік беретін технологиялық дайындықты бағалау тетігі енгізілді. Бұл Қазақстанның ғылыми-технологиялық саясатын әлемдік көшбасшыларға жақындатуға бағытталған.

— Ғылым қорының кеңеюі: Ғылым қоры технологияларды коммерцияландыру жөніндегі ұлттық агенттікке айналады. Ол инновациялық инфрақұрылымды қолдап, венчурлік қаржыландыруды тартатын бірыңғай терезе қызметін атқарады.

— Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы: Ғылыми жетістіктерді және жаңа технологиялар нарығын мониторингтеуге арналған ақпаратты жинау, өңдеу және талдау тетігі енгізілді. Бұл ғылыми процесті ақпараттық-талдамалық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді.

— Ғалымдарды ынталандыру: Жас ғалымдарға жеңілдікті тұрғын үй сатып алу құқығы енгізіледі. Салық кодексі бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарына арналған шығыстарға салықтық жеңілдіктер мен шегерімдер беріледі, 50% мөлшерінде салық шегерімдері қарастырылған.

—Ғылымды басқаруды жетілдіру: Жергілікті атқарушы органдарға ғылым саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру құзыреті беріледі. Ұлттық ғылым академиясының жаңа мәртебесі айқындалады.

Сонымен қатар, Президент «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға қол қойды. бұл ғылыми ұйымдардың сатып алу тәртібін жеңілдетті. Енді ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының сатып алу рәсімдері Ғылым және жоғары білім министрлігі бекітетін қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.