Қазақстанның денсаулық сақтау саласын жаңғыртудағы медициналық жоғары оқу орындарының маңызы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында денсаулық сақтау саласындағы реформалардың маңыздылығына ерекше назар аударды.

Ол жоғары оқу орындарын жаңа стандарттарға бейімдеуде және оқу процесінде инновациялық тәсілдерді енгізу, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру және мамандарды даярлау қажеттігін атап өтті. Медициналық университеттер ғылыми зерттеулер аясын одан әрі кеңейтіп, диагностика мен емдеу орталықтарына айналуы керек және жасанды интеллект пен телемедицина сияқты цифрлық технологияларды белсенді түрде енгізуі керек. Осы орайда университетімізде жаңа зертханалар ашылды. Мұнда жасанды интеллектімен жұмыс жасау жолға қойылды, бұдан бөлек ғалымдарымыз ҒжБМ қаржыландыратын гранттық жобалар негізінде медицинадағы тың идеяларды зерттеп, ғылыми айналымға енгізуде.

Негізгі мәселелердің бірі — студенттерге пациенттермен жұмыс істеу жағдайында нақты дағдыларды алуға мүмкіндік беретін тәжірибелік бағдарламаларды енгізу және тағылымдамалар санын көбейту. Қазіргі медициналық жоғары оқу орындары оқыту мен практикалық қызметті біріктіру үшін ауруханалар және клиникалармен тығыз жұмыс істеуі керек.

Президент Жолдауы елімізде медициналық білім мен ғылымды дамытуға бағытталған стратегиялық басымдықтарды айқындайды. Медициналық жоғары оқу орындары кадрларды даярлаумен қатар елімізде денсаулық сақтау жүйесін нығайтып және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік беретін ғылыми және технологиялық инновациялар орталығына айналуы тиіс.