V Дүниежүзілік көшпенділер ойынында II орынды иеленді

Елордасы Астана қаласында өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойынында дене тәрбиесі кафедрасының белбеу күресі спорт түрінен жаттықтырушысы Әділет Шалғынбекұлы 89 елден келіп, өнер көрсеткен спортшылар арасынан «Корэш» күрес түрі бойынша шеберлігімен II орынға ие болып, егеменді еліміздің абыройын асқақтатып, көк Туымызды желбіретті.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны — тарихи мәдениетімізді сақтауға мүмкіндік беретін, әлемдік этноспорттық қозғалысты дамытатын, ұлттық спорт түрлерін танытатын халықаралық спорттық іс-шара.

Әділет Шалғынбекұлы — белбеу күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан Республикасының жеті дүркін жеңімпазы, 2022, 2023 жылдардағы әлем чемпионатының жеңімпазы, 2024 жылғы ересектер арасындағы ҚР чемпионы. Белбеу күресінен Қазақстан құрамасының намысын қорғайды. 

2017 жылдан бері белбеу күресінен ҚР ересектер құрама командасының мүшесі. Жаттықтырушылары — Сандыбек Ахетов пен Рүстем Бурбаев.

Дүниежүзілік додада университетіміздің мерейін үстем еткен әріптесімізді үлкен жеңісімен құттықтап, алдағы спорттық жарыстарда жаңа жеңістер тілейміз!