Студент қатарына қабылдау

Аққағаз Досжанова атындағы конференц холлда медицина, педиатрия, стоматология, қоғамдық денсаулық сақтау және мейіргер ісі факультеттерінің 1-курс студенттерін Студент қатарына қабылдау салтанатты шарасы өтті. Дәстүрлі шара Алина Гизатулина атындағы студенттік хордың шырқауындағы әдемі әнмен басталды.

Ректор міндетін атқарушы Надияр Мусин, оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Нұргүл Әбенова студент атанған жастарды құттықтап, қалаған маман иелері болуларына тілектестіктерін білдірді. Сонымен қатар іргелі оқу орнымыздың абыройын асқақтатып, түрлі деңгейдегі іс-шараларға атсалысып, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқан бір топ студенттерді Алғыс хаттармен марапаттады.

Өз кезегінде болашақ дәрігерлер Ант қабылдап, жүрекжарды тілектерін арнады. Өнерлі студенттерден құралған «Жарық», «Саншайн», «Алтын» триолары, «Формат» квартеті мен «Алау», «Назар» дуэттері әннен шашу шашып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Сондай-ақ, шара аясында «Жас талап» жәрмеңкесі ұйымдастырылып, жұртшылық назарына ұсынылды.

Айта кетсек, жаңа оқу жылында 800-ден астам болашақ дәрігер университет табалдырығын аттап, студент атанды.

Студент атанған жастарды шын жүректен құттықтаймыз!