Дүниежүзілік паллиативтік және хоспистік көмек күні
12 қазанда Дүниежүзілік паллиативтік және хоспистік көмек күні аталып өтеді. Мақсаты — паллиативтік көмек пен хоспис мәселелері туралы кеңінен ақпараттандыру. Емделмейтін аурулары бар науқастар мен олардың отбасы мүшелерінің медициналық, әлеуметтік, тәжірибелік және рухани қажеттіліктеріне қолдау көрсету. Хоспис пен паллиативтік көмек қозғалысын қолдап, дамытуға қабілетті еріктілер қозғалысын арттыру.
Биылғы жылдың қыркүйек-қазан айларында психология кафедрасының 521 аб, 522 аб, 510 аб, 511 аб, 512 аб топтары мен интерндердің 705, 711, 718, 719-топтары АОМПБ паллиативтік көмек бөліміне қолдау көрсетті. Олар бөлімге 5 декубитке қарсы матрац, жөргектер, гигиеналық құралдар және санитарлық қажеттіліктермен жабдықталған мүгедек орындық-дәретхана сыйға тартты.
Паллиативтік көмек бөлімінің меңгерушісі, жоғары санатты невропатолог-дәрігер Дина Тукешева студенттер мен интерндерді бөлімнің қызметімен таныстырып, қызметкерлер мен науқастардың ауыртпалығын жеңілдету мақсатында атқарып жатқан жұмыстарын ерекше атап өтті. Сондай-ақ, паллиативтік көмек алушылардың қажеттіліктеріне немқұрайлы қарамай, жанашырлық танытқан жастарға ризашылығын білдірді.