Марат Оспановқа — 75 жыл

Оқу орнымыздың қабырғасында Қазақстан Республикасының бірінші шақырылымдағы Парламенті Мәжілісінің тұңғыш төрағасы, экономика ғылымдарының докторы, Еуразия ғылымдар академиясының академигі Марат Оспановтың 75 жылдығына арналған «Жаhандық тенденциялар: ғылым, экономика және әлеуметтану» атты халықаралық ғылыми конференциясы өтті.

Алдымен жиналған қауым М.Оспановтың бюстісіне гүл шоқтарын қойды. Сондай-ақ, студенттер жәрмеңкесі өтіп, саясаткер еңбектеріне ғылыми шолу жасалған «Өнегелі өмір өрнегі» атты кітап көрмесі және өмір жолы мен қоғамдық-саяси қызметінен сыр шертетін фотогалерея және «Кодекс сердца Марата Оспанова» деректі фильмі көрсетілді.

Конференцияда ректор міндетін атқарушы Надияр Мусин өткізіліп отырған дәстүрлі шараның жастар үшін маңызы зор екенін, ғалым есімін иеленген университеттің еліміздің денсаулық сақтау саласында мәртебесі биік, алар орны ерекше екенін айтты. Экономика ғылымдарының кандидаты, ҚР енбегі сіңген қайраткері Мәди Артығалиев, философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов Марат Оспанов туралы естеліктерімен бөлісіп, мазмұнды баяндама жасады.

Конференция соңында М.Оспанов атындағы қоғамдық қорының төрағасы Бақыт Оспанова ғалымға көрсетілген құрмет үшін ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, ғылым апталығы аясында ұйымдастырылған студенттердің республикалық эссе-байқауы және қаламыздағы жоғары оқу орындары арасында шағын футболдан М.Оспановтың кубогыне арналған турнир жеңімпаздары мен ғалым атындағы шәкіртақы иелері марапатталды.

Көрнекті қоғам қайраткері Марат Оспановқа арналған дәстүрлі конференция биыл да жоғары деңгейде өтті.