Мақсат — қатерлі ісіктің алдын алу

Университеттің медицина орталығында сүт бездерінің қатерлі ісігін алдын алып, ерте анықтауға арналған Ашық есік күні өтті. «Қызғылт қазан» айлығы аясында өткен Ашық есік күнінде қала тұрғындарын онкомаммолог дәрігері қабылдап, кеңес берді. Сонымен қатар көрсеткіштер бойынша маммографиялық және ультрадыбыстық зерттеулер жүргізілді.

Сүт бездерінің қатерлі ісігі — әйелдер арасында жиі кездесетін онкологиялық аурулардың бірі. Аурудың негізгі белгісі — сүт бездерінің тінінде бір немесе бірнеше ісік түзілімдерінің пайда болуы. Аурудың бастапқы кезеңінде уақтылы диагностикалаудың маңызы зор.

— Ашық есік күнінде 76 әйел дәрігерлік кеңес алып, 35 әйелге ультрадыбыстық және маммографиялық зерттеулер жүргізілді. 29 әйелде мастопатия анықталды. Бұл — тіндердің патологиялық өсуімен қатар жүретін сүт безі ауруы.

Ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша қатерлі ісіктермен сырқаттанушылық 1370 жағдайды құрады. Яғни 350 науқас І, 544 науқас ІІ, 309 науқас ІІІ, 97 науқас ІV сатымен тіркелді. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда сырқаттанушылық 5,4% төмендеді.

Жаңа технологиялардың енгізілуі, орталықтың материалдық-техникалық базасының жақсаруы мен дәрігерлердің кәсіби біліктілігінің артуы науқастарға жүргізіліп жатқан емнің тиімділігіне әсер етеді, — дейді медицина орталығының онкологиялық қызмет үйлестірушісі Олжас Оразаев.