Академиялық ұтқырлық — Астана медицина университетінде

14-18 қазан күндері жаратылыстану-ғылыми пәндер кафедрасының доценті А.Тұрғанбаева мен аға оқытушы С.Самбаева академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Астана медицина университетінің биостатистика, биоинформатика және ақпараттық технологиялар кафедрасында сабақтар өткізді.

Академиялық ұтқырлық бағдарламасы медициналық жоғары оқу орындары оқытушыларының бәсекеге қабілеттілігін арттыру және педагогикалық тәжірибе алмасуға бағытталған. Доцент А.Тұрғанбаева «Жалпы медицина» мамандығының 3-курс студенттеріне биостатистика пәнінен «Деректерді топтау. Қалыпты таралу заңы» тақырыбында сабақ берсе, аға оқытушы С.Самбаева «Жалпы медицина», «Фармация», «Мейіргер ісі» мамандықтарының 1-курс студенттеріне ақпараттық-коммуникациялық технологиялар пәнінен «Мәліметтер қорын басқару жүйесі» тақырыбында сабақ өткізді.

Сабақтар қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жүргізілді. Сабақтарда интерактивті оқыту әдістері қолданылып, тапсырмалар Microsoft Excel және Access бағдарламаларында орындалды. Студенттердің білім деңгейі Kahoot және MyTest арқылы бағаланып, Google Forms арқылы кері байланыс жасалды.

Сондай-ақ, оқытушылар Астана медицина университетінің 60 жылдығына арналған «Astana Medical Forum-2024» халықаралық конференциясына қатысып, университет музейі, симуляциялық орталығы мен ғылыми кітапханасына барды.

Бұл тәжірибе алмасу кәсіби біліктілікті арттырып, достық қарым-қатынасты нығайтуға мүмкіндік берді.