Мереке күнгі марапат

Аққағаз Досжанова атындағы конференц холлда 25 қазан — Республика күніне арналған «Егемен елім» атты мерекелік шара өтті. Салтанатты шара Алина Гизатуллина атындағы студенттік хор ұжымының орындауындағы Қазақстан Республикасының Гимнімен басталды.

Жиналған қауымды оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Нұргүл Әбенова, атқарушы директоры Ерлан Жиеналин құттықтап, ұлттық мереке — Республика күнінің маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар бір топ ақ халатты абзал жандар мен қызметкерлер «Еңбек ардагері» медалі, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Университет мақтанышы», «Адал еңбегі үшін» төсбелгілері, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары және «Шарапат» медициналық қызметкерлері, тәуелсіз сарапшылар және денсаулық сақтау саласындағы ардагерлер Ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің «Мейірімді жан» медальдарымен марапатталды.

Сахна төрінде университетіміздің көркемөнерпаздары мен халықтық ұжым «ЖасSTAR» би ансамблі, «Алтын» триосы әдемі ән айтып, мың бұрала би билеп, күмбірлете күй тартты.

Жастар қызметінің Республика күніне орай әзірлеген мерекелік концерттік бағдарламасы жоғары деңгейде өтіп, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.