Жалынды жастар мерекесі

Халықаралық студенттер күніне арналған «Қызықты көңіл, студенттік өмір» атты мерекелік дәстүрлі шара өтті. Университет ректорының міндетін атқарушы Надиар Мусин студенттерді мерекемен құттықтап, оқу орнының қоғамдық өміріне атсалысып жүрген белсенді 26 студентті Алғыс хатпен марапаттады.

Сондай-ақ, әдемі кеш барысында бүгінде денсаулық сақтау саласында білікті маман болып жемісті еңбек етіп жүрген университет түлектерінің атынан тағайындалған бірқатар шәкіртақылар табысталды. Атап айтсақ, шараның қонақтары — түлектер Нұркелді мен Айжан Бақтыбаевтар және Данияр Исағалиев пен Жансерік Жанұзақов оқу үлгерімдері жақсы 2 студентке шәкіртақы табыстап, мерекелерімен құттықтады.

Бұдан бөлек жастар ісі жөніндегі қызмет жетекшісі Мирамгүл Жұмағалиева түлектер Айдос Бисенов пен ағалы-қарындасты Талғат, Гүлжайна Оспановтардың атынан 3 студентке шәкіртақысын тарту етті. Аталған студенттер енді 1 жыл бойы айына 15 мың теңгеден шәкіртақы алады.

Сонымен қатар, «KazMedical» компаниясы халықаралық медицина факультетінің 5 белсенді студентіне бір реттік 100 мың теңге көлемінде шәкіртақы сыйлады. Әрине, бұл шәкіртақылар студенттердің оқуға деген ынталарын жігерлендіріп, қуаныш сыйлады.

Мерекелік шараның өң бойы ән-бимен көмкеріліп, әрі қарай жастардың би кешіне ұласты.