Мерейтойларын атап өтті

«Medik» газетінің 55 және Редакциялық-баспа орталығының құрылғанына 20 жыл толуына орай «Dengei» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Сонымен қатар мерейлі даталар қарсаңында жаңа ғимаратқа қоныстанған аталған газет пен Редакциялық-баспа орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Оған университет ұжымы мен студенттер қатысты.

Газет және Редакциялық-баспа орталығының ұжымын мерейтойларымен құттықтаған университеттің директорлар кеңесінің төрағасы Төлебай Рахыпбеков пен жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру деканы Роза Нұрғалиева жаңа ғимараттың лентасын қиды. Қонақтар жаңа нысандағы орталық жұмысымен танысып, табыстар тіледі.

Жиналған қауымға орталықтың жеткен жетістіктері көрсетіліп, өткені мен бүгінінен сыр шертетін тағылымды тарих беттеріне шолу жасалды, қойылымдар қойылды. 1969 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының ректоры болған Төрегелді Шармановтың бастамасымен «Медик» газеті ашылғанын ерекше айта кеткен жөн.

Мерекелік шарада «Medik» газетінің бұрынғы редакторлары авторлық «Ізет» медалімен марапатталып, аға буын өкілдері естен кетпес естеліктермен бөлісті. Сондай-ақ, шара аясында «Менің үнпарағым», «Medik» газетіне арнау» тақырыптарында жарияланған эссе, арнау, өлең байқаулары қорытындыланып, жеңімпаздар марапатталды, кәдесыйлар табысталды. Көпшілік жеңімпаздардың шығармашылық жұмыстарын тамашалады.

Осылайша мерейтойларын кең көлемде атап өткен «Medik» газеті мен Редакциялық-баспа орталығының ұжымы болашаққа тағы бір жаңа қадам жасады.