Мерейтойға арналған ғылыми апталық

Жаратылыстану ғылыми пәндер кафедрасында Университетіміз бен кафедраның 65 жылдығына орай сәуірдің 18-22 аралығында ғылыми апталық өтті. Апталық аясында ғылыми-практикалық шағын конференция және «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар», «Медициналық биофизика», «Биостатистика» пәндері бойынша үштілді дәстүрлі пәндік олимпиада өткізілді. Шағын конференцияда кафедра атынан Халықаралық ғылыми конференцияға ұсынылатын жұмыстар тыңдалып, баяндамаларға оқытушылар тарапынан ескертулер мен ұсыныстар айтылды.

Үштілді дәстүрлі пәндік олимпиадаға «Жалпы медицина», «Қоғамдық денсаулық сақтау», «Стоматология», «Мейіргер ісі», «Фармация» факультеттерінің 1-4 курс студенттері арасынан 85 студент қатысты. Олимпиаданың мақсаты – студенттердің білімге, ғылымға деген құлшыныстарын арттырып, заманауи ғылыми жаңалықтармен таныстыру болды. Олимпиада пәндердің ерекшелігіне байланысты бірнеше турлардан тұрды: «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар», «Биостатистика» пәндері бойынша Google Disk бұлттық қызметінің қосымшаларында жағдаяттық есептер шығарса, «Медициналық биофизика» пәнінен есептер шығару, отандық және цифрлық жабдықпен жұмыс істеу бойынша интеллектуалды викторина өткізілді. Студенттер тарапынан қызығушылық пен аса белсенділік болғанынын ескере отырып, пәндік олимпиада өз мақсатына жетті деп айтуға болады.

Ғылыми апталықтың жабылу салтанатында олипиададан жүлделі орын алған студенттер мен апталықтың белсенді студенттері дипломдармен марапатталды. Өз кезегінде студенттер олимпиада өте қызықты және танымды өткенін айтып, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.