Республикалық ІІ микрохирургиялық форумы: Озық тәжірибе. Зор мүмкіндік

Университет базасында республикалық II микрохирургиялық форумы өтті. Болашақ микрохиругтар қатысқан ауқымды шара аясында ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылып, қатысушылар ғылыми-зерттеу жұмыстары жөнінде мазмұнды баяндамалар жасады. Олардың қатарында Астана және Қарағанды медицина университеттерінің студенттері де бар.

Сонымен қатар кадаверлік шеберлік сабағы өтіп, онда тамырлы негізі бар тірек-қимыл аппаратының перональды қақпағын және тамырлы негізі бар радиалды қақпақты алу туралы ал форум соңында өткен олимпиадада болашақ микрохиругтар эксперименттік жануарда диаметрі 1 мм-ден аз тамырларға микроваскулярлық анастомоздарды қолдану дағдыларын көрсетті.

Үш күнге созылған форумда университеттің қалыпты және топографиялық анатомия кафедрасының доценті, микрохирургия клубының жетекшісі Сапарғали Рахманов пен Алматы қаласынан арнайы келген «Private clinic Almaty» медицина орталығының балалар хирургі және эндоваскулярлық хирургі Александр Смолянкин іс жүзінде дағдыларын көрсетіп, отандық озық тәжірибелерімен бөлісті.

Университет жанындағы микрохирургия клубының үйлестірушісі Жандос Қадыровтың айтуынша, 2021 жылы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті студенттерінің бастамасымен аталған оқу орны жанынан еліміз бойынша алғаш рет реконструктивті микрохирургияның ғылыми-тәжірибелік клубы құрылған болатын. Клуб мүшелерінің идеясымен өткен жылы университет базасында республикалық I микрохирургиялық форумы ұйымдастырылды.

Биылғы дәстүрлі шараға 40 болашақ микрохирург қатысты. Жалпы бұл форумның студенттер үшін теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде ұштастыруға зор мүмкіндік берді.

Жоғары деңгейде өткен форум соңында қатысушыларға университет ректоры Әсет Қалиевтің және микрохирургия клубының жетекшісі Сапарғали Рахмановтың атынан Сертификаттар табысталды.