Медициналық орталықтың экологиялық ортаға қосқан лайықты үлесі

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында дәстүрлі сенбілік өтіп, оған университет ректоры Әсет Қалиев бастаған профессор-оқытушылар құрамы, қызметкерлер мен студенттер Медициналық орталық аумағына ағаштар егіп, көгалдандыру жұмыстарын жүргізіп, игілікті іске өз үлестерін қосты. Бүгінгі сенбілік «Жасыл аймақ» деп аталды.

«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деп дана халқымыз айтқандай, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан бұл дәстүр осы уақытқа дейін өз өміршеңдігін жойған емес.

— Ағаш егу — өскелең жас ұрпаққа үлгі-өнеге болатын игілікті іс. Отырғызылған талдарды үнемі суару олардың тез тамырлануына мүмкіндік беріп, әдемі жапырақтармен қуантады деп үміттенеміз.

Бүгінгі тал отырғызу шарасына ұжым мүшелерімен қатар «Медик-волонтeр» студенттік ұйымы да белсене атсалысты. Сенбілікке қатысқан университет ұжымы мен оқу орнымыздың волонтерларына алғысымды білдіремін! Білім алушылар, оқытушылар мен қызметкерлер аумақты абаттандыруға өз үлестерін қосатынына сенім мол, — деді университет ректоры Әсет Қалиев.

Айта кетсек, бүгінгі сенбілікте 1140 түп ағаш отырғызылды.