Халықаралық конференцияда III орынды иеленді

26-27 сәуір күндері Алматы қаласында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдығына арналған ІV «Тәжірибеден — жобаға» атты дәстүрлі халықаралық конференциясы өтті. Аталған конференцияға университетіміздің атынан бір топ студенттер қатысып, бақтарын сынады.

Оқу орнымыздың намысын қорғаған дәлелді медицина және ғылыми менеджмент кафедрасы студенттік ғылыми үйірмесінің мүшелері — жалпы медицина факультетінің 3-курс студенттері Роза Тәуекелова және Жадыра Сүлеева «Коммуникативті дағдылар — алғашқы медициналық-санитарлық көмек дәрігерлерінің маңызды құзыреттілігі» тақырыбында «Іргелі медицина» секциясында ғылыми жоба қорғап, жүлделі ІІІ орынға ие болды.

Сонымен қатар, Арайлым Бисембаева мен Қанатбай Нұрдәулетов «Науқастардың көзқарасы арқылы дәрігерлердің кәсіби сәйкестігін зерттеу» атты «Қоғамдық денсаулық сақтау» секциясында ғылыми жоба қорғап, белсенділік танытып, модератор тарапынан бағалы сыйлықтарға ие болды.

Университет намысын қорғаған студенттеріміз бен оларды дайындаған ғылыми жетекшілері Гүлнұр Калбағаева мен Раушан Төлеуованы жетістіктерімен құттықтап, толағай табыстар тілейміз!