Университет ректорының кубогына арналған турнир қорытындысы

Университеттің жыл сайынғы ректор Кубогына арналған шағын футбол турнирін өткізу дәстүрге айналды. 19-30 сәуір аралығында «Жастар Арена» спорт кешенінде студенттік құрама командалар, интерндер мен резиденттер арасында шағын футболдан университет ректорының Кубогына арналған кезекті турнир өтті.

Турнирге 8 құрама команда және халықаралық факультеттің 2 командасы қатысты. Командалар А және В тобына бөлінді.

Басқарма төрағасы-ректор Әсет Қалиев қатысқан командаларға алғысын білдіріп, турнирдің барлық кезеңдерінде қатысушылар футбол алаңында батыл күресіп, өз курсын, факультетін таныстырып, рухтың күші мен жеңіске деген ерік-жігерін көрсеткенін атап өтті.

«Студенттік шақты денсаулықты нығайту үшін барынша пайдалану керек. Дене белсенділігі салауатты өмір салтының негізгі аспектілерінің бірі болып табылады. Адам денсаулығы мен өмір сүру ұзақтығын айтарлықтай жақсартады. Ең кең таралған және қол жетімді спорт түрлерінің бірі — футбол ойнау. Футбол — коммуникативтік дағдыларды дамытып, жүктемелерге төзімділікті арттыруға, бұлшықеттерді, физикалық деректерді нығайтып, ақыл-ой дамуын ынталандыруға арналған тамаша спорт түрі», — деп атап өтті Әсет Қалиев.

Жеңімпаздарды марапаттау үшін университет әкімшілігі кубоктар, ақшалай сыйлықтар мен Грамоталар дайындады.

Турнир қорытындысында интерндер мен резиденттер құрама командасы (І орын — 100 мың теңге), 4-курс құрама командасы (ІІ орын — 75 мың теңге.), 3-курс құрама командасы (ІІІ орын — 50 мың теңге) жеңімпаз болды. Асылхан Үсенов «Үздік қақпашы», ал Нұртуған Әбдірей «Үздік шабуылшы» атанды.

Қорытындылай келе, Әсет Әскерұлы жастарды салауатты өмір салты мен дене белсенділігі дағдыларын ұстануға шақырды.

Жеңімпаздарды, барлық қатысушыларды, жанкүйерлерді университет ректоры Кубогына арналған турнирдің аяқталуымен құттықтаймыз!

Кәсіби және спорттық жетістіктер тілейміз!