Университет докторанты Мәскеудегі халықаралық конгреске қатысты

Мәскеуде XXVI IACMAС халықаралық конгресі өтті. Аталған шараға 3-курс докторанты Нұргүл Аблакимова қатысты. Докторант пневмония қоздырғыштарының микробқа қарсы тұрақтылығына арналған диссертациялық жоба жазуда. Конгресте ол Ақтөбе қаласындағы ауруханадан тыс пневмония қоздырғыштарының микробиологиялық ландшафты туралы алдын ала мәліметтермен таныстырды.    

Нұргүлдің ғылыми жетекшілері — университет ұстаздары Г.Смағұлова мен А.Мусина. Ал, шетелдік кеңесшісі И.Сеченов атындағы Бірінші Мәскеу мемлекеттік медицина университетінің қызметкері С.Рачина. Конгреске қатысу Нұргүл Аблакимоваға өзінің ғылыми нәтижелерін ұсынып қана қоймай, сонымен қатар микробқа қарсы терапия және клиникалық микробиология саласындағы жетекші сарапшылармен тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. Бұл оның болашақ ғылыми қызметіне маңызды үлес болмақ.

Халықаралық конгресте антибиотикке төзімділікті анықтаудың заманауи тәсілдері және оның механизмдері, жұқпалы аурулар кезіндегі медициналық көмектің заманауи клиникалық ұсыныстары мен стандарттарына шолу, Ресейде және әлемде антибиотикке төзімді қоздырғыштардың таралу динамикасы, микробқа қарсы терапияның болашағы, жұқпалы аурулардың фармакоэкономикасы, ауруханадан тыс инфекциялар мен медициналық көмекке байланысты инфекциялар үшін антибиотиктерді ұтымды таңдау секілді өзекті мәселелер талқыланды.