Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің әскери кафедрасы
Заңды мекенжайы: 030019, Ақтөбе, Маресьев көш, 72-үй.
email: vk@zkmu.kz
тел. 8 (7132) 54-16-92, факс 8 (7132) 56-04-09.
Әскери кафедраға түсу ережелері.
“Запастағы офицерлер мен запастағы сержанттар бағдарламалары бойынша әскери дайындық қағидаларын бекіту туралы ” Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 24 шілдедегі №375 бұйрығына сәйкес запастағы офицерлер мен сержанттардың бағдарламалары бойынша азаматтарды әскери даярлау жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының (ЖЖОКБҰ) әскери кафедраларында әскери-есептік мамандықтар бойынша алынатын жоғары кәсіптік білім негізінде ҚР Қорғаныс министрі бекітетін жыл сайынғы іріктеу жоспарына сәйкес ұйымдастырылады және жүзеге асырылады.
Студенттердің әскери дайындығы оқытудың қосымша түрі болып табылады, теориялық және практикалық оқыту курстарынан, ер студенттерге үшін оқу-жаттығу жиынынан және қыз студенттер үшін кәсіби практикадан тұрады.
Запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери даярлау өтеусіз (мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша) және ақылы негізде, запастағы сержанттар бағдарламасы бойынша – ақылы негізде ҚК-нің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың жұмылдыру қажеттілігін негізге ала отырып, ҚР ҚМ қабылдау жоспарына, сондай-ақ әскери оқытылған резервті жинақтау қажеттілігіне сәйкес жүргізіледі. Ақылы негіздегі әскери дайындық үшін оқыту құнын ЖЖОКБҰ айқындайды. Ақылы негіздегі әскери дайындыққа ҚР ҚМ келісімі бойынша ЖЖОКБҰ басшысы қабылдау жоспары бойынша орын бөлінген жағдайда Ақтөбе қаласының әскери кафедрасы жоқ басқа жоғары оқу орындарының студенттерін оқуға жібере алады. Өтеусіз негізде М.Оспанов ат. БҚМУ жалпы медицина факультетінің іріктеу комиссиясы ұсынған студенттері оқыту үшін тартылады.
Конкурсқа қатысуға конкурс өтетін жылы 24 жастан үлкен емес Қазақстан Республикасының азаматтары – ЖЖОКБҰ-да күндізгі оқыту нысаны бойынша оқитын соттылығы жоқ студенттер жіберіледі. Мерзімді қызмет өткерген студенттер медициналық куәландырудан өткеннен кейін өтеусіз негізде (мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша) конкурстан тыс әскери даярлауға жіберіледі.
Әскери кафедрада оқу үшін студенттерді іріктеу үшін конкурс төрт кезеңде жүзеге асырылады:
бірінші кезең – Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2020 жылғы 21 желтоқсандағы №716 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде әскери-дәрігерлік сараптаманы жүргізу қағидаларына және әскери-дәрігерлік сараптама комиссиялары туралы ережеге сәйкес (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде №21869 болып тіркелген) медициналық куәландырудан өту;
екінші кезең – кәсіби-психологиялық тестілеу жүргізу;
үшінші кезең – дене шынықтыру дайындығын тексеру;
төртінші кезең – ЖЖОКБҰ-ның басшысы жасайтын және бекітетін рейтингілік балл есебіне сәйкес жүзеге асырылатын конкурстық іріктеу.
Әскери кафедрада оқу үшін студенттерді іріктеуді іріктеу комиссиясы конкурс негізінде Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі жыл сайын бекітетін қабылдау жоспарына сәйкес жүргізеді.
Құжаттарды қабылдауды ұйымдастыру және конкурстың бірінші кезеңінен өту әскери кафедраға жүктеледі.
Екінші, үшінші және төртінші кезеңдерді іріктеу комиссиясы өткізеді. Байқаудың әр кезеңінен тек бір рет өтуге рұқсат етіледі. Алдыңғы кезеңнен өтпеген түсуші келесі кезеңге жіберілмейді.
Запастағы офицерлерді даярлау бағдарламасы бойынша оқу үшін құжаттар бірінші (3 және 4 жылдық оқумен) және екінші (5 жылдық оқумен) курс студенттерінен қабылданады.
Запастағы сержанттарды даярлау бағдарламасы бойынша оқу үшін құжаттар бірінші, екінші (4 жылдық оқумен) және бірінші, екінші, үшінші (5 жылдық оқумен) курс студенттерінен қабылданады.
Запастағы офицерлерді даярлау бағдарламалары бойынша оқыту 9 әскери-есептік мамандық бойынша, ал запастағы сержанттарды даярлау бағдарламалары бойынша 4 әскери-есептік мамандық бойынша жүргізіледі.
Әскери кафедрада запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери даярлықтың ұзақтығы – 2 жыл, запастағы сержанттар бағдарламасы бойынша – 1 жыл.
Әскери даярлықтың толық курсынан өткен, емтихан тапсырған және оқу-жаттығу жиындарынан өткен студенттерге жоғары оқу орнын бітіргені туралы диплом алғаннан кейін белгіленген тәртіппен запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша “запастағы медицина қызметінің лейтенанты”, “запастағы лейтенант”, ал запастағы сержанттар бағдарламасы бойынша “запастағы кіші сержант” әскери атақ беріледі.
Әскери кафедра бастығы
отставкадағы м/қ подполковнигі Габдрахманов Кибадат Сатович
Білімі: жоғары: Томск медициналық институты жанындағы
Әскери-медициналық факультеті 1986 ж.
Мамандығы: – «Әскери дәрігер».
Әскери кафедра бастығы орынбасары
запастағы м/қ подполковнигі
Утегенов Аскар Турегалиевич
Білімі: жоғары
Ақтөбе Мемлекеттік медициналық академиясы 1997 ж. Мамандығы: «Емдеу ісі»
Әскери мамандығы: «Құрлық әскерлердегі емдеу ісі» АқММА жанындағы әскери кафедрасы 1995 ж.;
«Медициналық қызметтің ұйымдастырылуы мен тактикасы» ҚР Қарулы Кұштерінің медициналық құрам Интернатурасы 2002 ж.
Әскери кафедра бастығы орынбасары – оқу бөлімінің бастығы
запастағы полковник
Мухаметкалиев Бакытжан Кутубаевич
Саратов зымыран әскерлерінің жоғары әскери командалық-инженерлік училищесі, 1992 ж. Мамандығы: “Ұшу аппараттары”,
Біліктілігі:” Инженер-электромеханик”.
Тарихи анықтама
Әскери кафедрасы 1957 жылы құрылды. Сол өткен уақыттан бері кафедра он мыңнан астам жоғары білікті офицерлер мен сержанттар даярлады. Бүгінгі таңда кафедраның көптеген түлектері әртүрлі, соның ішінде ҚР Қарулы Күштерінде және ҚР басқа да күш құрылымдарында басшылық лауазымдарды атқарады.
ҚР ҚК Бас штаб бастығының 1999 жылдың 23 ақпанындағы № 49 бұйрығына сәйкес әскери кафедра базасында Ақтөбе қаласының басқа жоғары оқу орындары студенттерінен артиллериялық бөлімшелер командирлерінің әскери-есептік мамандықтары бойынша запастағы офицерлерді даярлау ұйымдастырылды. ҚР ҚК Бас штабы бастығының 10.03.2001 жылғы № 59 бұйрығы негізінде запастағы офицерлерді артиллериялық бөлімшелер командирлерінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс бойынша орынбасарларын даярлау әскери-есептік мамандықтар бойынша жүргізіледі.
2004 жылдың 5 наурыздағы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің № 94 және 2004 жылдың 20 ақпанындағы Қазақстан Республикасы Ғылым және білім министрінің №132 бұйрықтары талаптарына сәйкес «Марат Оспанов атындағы Батыс-Қазақстан мемлекеттік медицина академиясы» Республикалық мемлекеттік қазына кәсіпорынының әскери кафедрасы Ақтөбе қаласы «жоғары оқу орындарына ортақ кафедра» мәртебесіне ие болды. ҚР Қорғаныс Министрінің 2007 жылдың 29 маусымындағы №188 бұйрығы негізінде 2007-2009 оқу жылдарының ЖОО түлектерінен кадрлық офицерлерді даярлау жүргізілді.
Әскери кафедрада қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген оқу сыныптары, оқу ғимараты, саптық плац, оқу тактикалық алаңы, атыс қалашығы, қойма бөлмелері орналасқан. Сонымен қатар, қарсылас және өз әскерлері нысаналарын, атыс, снарядтар жарылысын дыбыс және лазер сәулесі арқылы көрсететін, жергілікті компьютерлік байланыс жүйесі арқылы басқарылатын, жер бедерінің тактикалық макеттері, шағын артиллериялық және кіші жалпыәскери полигондар бар. Бөлімнің медициналық оқыту ротасы, медициналық мүліктің табельдік жинақтары, ПМ атыс қаруынан атыс жаттығуларын орындауға мүмкіндік беретін лазерлік және интерактивті тир бар.
Запастағы офицерлерді даярлау бағдарламасына сәйкес әскери кафедрада оқитын студенттер оқу-жаттығу жиындарынан, 30238 әскери бөлімінде, Ақтөбе қ. ҚР ҚМ әскери госпиталінде кәсіби практикадан өтеді.
Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу мақсатында әскери кафедрада жыл сайын әскери кафедра студенттерінің Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен және интернационалист-жауынгерлермен кездесулері ұйымдастырылады. Сондай-ақ Ақтөбе қаласының мұражайлары мен мектептерінде студенттер мен оқушылармен әскери-патриоттық іс-шаралар өткізіледі.
2015 және 2016 жылдары әскери кафедра командасы “Айбын” республикалық әскери-патриоттық жастар слетіне қатысты. 2016 жылы медициналық университеттер арасында біздің команда бірінші орынды иеленді.
Әскери кафедраны бітіргеннен кейін түлектер ҚР Қарулы Күштерінде, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінде, ҚР Ішкі істер министрлігінде, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінде қызметке орналаса алады. Медициналық бейіндегі түлектер Қазақстан Республикасының Әскери-медициналық мекемелері мен бөлімшелерінде дәрігер болып жұмысқа орналаса алады.
Әскери дәрігерлер қызмет барысында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мекемелерінде, ҚР ҚМ Әскери медицина орталығында, сондай-ақ жақын және алыс шетелдердің әскери-медициналық мекемелерінде біліктілігін арттыра алады.
Сондай-ақ БҰҰ коалициялық күштерінің құрамында бітімгершілік операцияларға қатысу мүмкіндігі бар.