Есенғос Сағынайұлы Мәмбеталин

Есенғос Сағынайұлы Мәмбеталин 1940 жылы дүниеге келген. 1957 жылы мектеп бітіргеннен кейін қазіргі М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің емдеу факультетіне оқуға түседі.
Еңбек жолын Шалқар темір жол ауруханасында хирург болудан бастады. Осында еңбек ете жүріп, Алматы, Мәскеу қалаларындағы дәрігерлердің білімін жетілдіру институттарында хирургия, урология бойынша маманданудан өтті. Қандыағаш темір жол ауруханасына қарасты мекендердің тұрғындарына хирургияның барлық саласынан жедел және жоспарлы операцияларды жасағаны, осы аймақта жетекші маман ретінде танылғаны да осы тұс.
Ол 1970 жылдан бастап бірыңғай урология саласына бет бұрды. 1973 жылы Мәскеудің Орталық дәрігерлер білімін жетілдіру институтында аспирантура бітірген ол медицина ғылымының кандидаты дәрежесін қорғады. Диссертацияның тақырыбы сол кезде де, бүгінгі күні де өзекті мәселеге айналған бүйректің созылмалы жетімсіздігінде бүйректің функциясын зерттеуге радиоизотоптық динамикалық сцинтиграфия әдісін енгізуге арналған. Ғылыми тілде осылай баяндалатын бұл зерттеу адам денсаулығын қорғауда маңызын жоймақ емес. Ғалым Есенғос Мәмбеталиннің ғылымдағы сүбелі үлесі деп атауға болатын бір дерек — оның урологияға динамикалық сканирлеу және радиоизотоптық ангиографияны алғашқы енгізушілердің бірі болғандығы.
Он жыл аянбай еңбек етіп, біраз тәжірибе жинақтаған соң, сол өзі оқыған білім ордасына қайта оралды. Сөйтіп, осында үзіліссіз жиырма жылдай шәкірт тәрбиеледі. Әуелі ассистент болып басталған ұстаздық қадам арнасын кеңейте берді. Оған доцент атағы берілді. Біраз жыл урология кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды.
Облыс тұрғындары үшін осы саладағы білгір маман ретінде құрметке бөленді. Көршілес Атырау, Орал және Ақтау қалаларына санитарлық ұшақпен барып, жалпы алғандағы Батыс Қазақстан өлкесінің тұрғындарына емдеу-кеңес беру шараларын кеңінен жүзеге асырды.
Тағы да бір атап өтерлік еңбек — оның 1994 жылы республикамыздың медициналық жоғары оқу орындары студенттеріне арнап қазақ тілінде алғашқы урология оқулығын жазып шығарғандығы.
Есенғос Мәмбеталиннің докторлық жұмысы екі мамандықты — урология мен гигиенаны қамтыды. Ол «Хром қосындыларының және басқа нефроуытты заттардың адам несеп-жыныс жүйесіне әсері» деген тақырыпта клиникалық-эксперименталдық зерттеуді жүзеге асырды.
Адам денсаулығы мәселесі — бүкіләлемдік ортақ шаруа. Сондықтан да мұнда қандай да жетістіктердің игілігін көпшілік бөле-жармай көруі тиіс. Осы тұрғыдан келгенде урология бойынша диссертациялық кеңестің төрағасы академик Н. А. Лопаткин, гигиена саласының белгілі, беделді ғалымдары — академик И. В. Саноцкий, профессор А.В.Рощин Есенғос Сағынайұлының ғылыми еңбегін урология ғылымының жаңа бағытын ашушы, экологиялық уронефрологияның негізін салушы деп бағалады.
Білікті маман 1994 жылдан бастап тоғыз жыл бойы Б.Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығының клиникалық жұмыстарына басшылық жасады. Ол бұл қызметте өзінің терең білімділігін, үлкен тәжірибесін көрсете білді. Клиникалық тәжірибеге жаңа технологиялық әдістемелерді, урологиялық ауруларды емдеудің стандарттарын енгізуге көп еңбек сіңірді, сырқаттарға урологиялық көмек көрсетуді жетілдіруде екпінді қадамдар жасады. Мұндай жоғары дәрежелі уролог-дәрігерлер республикамызда санаулы десе де болады.
Есенғос Сағынайұлының он жылдай Қазақстан Республикасы урологтар қауымдастығының төрағасы болуы, сондай-ақ урология мамандығы бойынша диссертация қорғау кеңесі төрағасының орынбасары, республикалық фармакологиялық комитет мүшесі ретінде қызмет атқаруы ұдайы ізденістің, бедел мен біліктіліктің бағасы іспетті сезілетіні де бар.
КСРО кезінде Есаға көп жылдар бойы Бүкілодақтық урологтар қауымдастығы басқарушы алқасының мүшесі болып, көптеген жоғары деңгейдегі съезд, конференцияларға, симпозиумдарға қатысты.
Профессор Есенғос Мәмбеталин 138 ғылыми еңбектің авторы, оның ішінде 5 монография, 3 оқулық, 4 өнертабыс секілді дүниелер бар. Оның жетекшілігімен бір докторлық және жеті кандидаттық диссертациялар қорғалды. Денсаулық сақтау ісінің үздігі, бірнеше медальдың иегері.