«Үшбу хат»

Отан қорғаушылар, Жеңіс және Халықаралық музей күндеріне арналған университет музейі, редакциялық баспа орталығы және әскери кафедрасының ұйымдастыруымен аталған кафедрада өткен патриоттық-танымдық шара осылай аталды. Шара барысында жиналған қауым тақырыптық көрме мен соғыс туралы көріністі тамашалады.

Клиникалық жұмыстар жөніндегі проректоры Надияр Мусин, әскери кафедра бастығы, отставкадағы подполковник Қибадат Ғабдрахманов, медициналық қызмет отставкасындағы подполковник Ғабит Қарасаев өткізіліп отырған шараның тәрбиелік мәні зор екенін айтты.

Сондай-ақ Надияр Мусин әскери кафедрада ширек ғасырдан астам уақыт абыройлы қызмет атқарған, отставкадағы подполковник, интернационалист-жауынгер Николай Домбровскийға университет ректоры Әсет Қалиевтің атынан Алғыс хат табыстады.

Өз кезегінде музей жетекшісі Гаухар Сейтжанова музейдің құнды қорында сақталған сұрапыл соғыс жылдарынан сыр шертетін тарихи деректермен таныстырып, қан майданда газет бетінде жарияланған Халида Мамановаға арналған өлең шумақтарын оқып берсе, «Медик» газетінің тілшісі Салтанат Тоғызбаева өзінің төл туындысы «Ұрпақ үні» өлеңін көпшілікке тарту етті.

Тәрбиелік мәні зор шараның өн бойы университеттің өнерлі студенттерінің шырқаған патриоттық әндерімен өрілді.