Дәрігер ерлігі ұмытылмайды

Профессор Халида Маманованың Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерлігі ел есінде. 1942 жылдың ақпанында Қызыл Армия қатарына Оңтүстік Батыс майданы 2-әуе армиясы, 24-авиация базасы ауданы 821-батальонының амбулатория бастығы лауазымына шақырылған ол: «6-10 самолет ұшып кетеді, ал олардың 2-3 ғана кейін қайтатын.

Біз әуе ұрысы аяқталған соң ұрыс даласына аттанып, жаралыларды іздеп, тауып, жинап, емделген соң сапқа қайтаратынбыз», — деп еске алады. Осы лауазымда жұмыс істеген уақытында 17 комендатурада 18 мың амбулаториялық жаралыны емдеді. Өз еркімен айып батальонында саяси тұтқын мен қылмыскерлер сапында да қызмет етті.

Кейін 2-әуе армиясы 24-авиабазасының бас гинекологы лауазымына тағайындалып, 216 рет әскери бөлімдерге барып, әскери қызметтегі 11200 әйелді тексеріп, 1482 әйелге медициналық көмек және емдеу жүргізді. 394 әйелдің жүктілігін сақтап, уақытында тылға эвакуациялады. Санитарлық-гигиеналық алдын-алу шаралары нәтижесінде әйелдер арасында жұқпалы аурудың таралуына жол бермеді.

Халида Маманова көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Сталинградты қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталды.

Отан қорғаушылары, Жеңіс күндері қарсаңында патологиялық физиология үйірмесі мен әскери кафедра студенттері медицина қызметінің капитаны Халида Маманова жерленген зират — Ақтөбе эвакогоспиталі Бауырластар зиратына барып, Құран бағыштап, ағаш, гүл егіп, абаттандыру жұмыстарын жүргізді.